Иеһова куәгерлері. Олар кімдер? Олар неге сенеді? |
Олар кімдер?ИЕҺОВА КУӘГЕРЛЕРІ өздері жайлы сіздің жақсырақ білгеніңізді қалайды. Бәлкім, Куәгер көршіңіз немесе әріптесіңіз бар шығар, я болмаса олармен күнделікті істердің бірінде түйіскен боларсыз. Мүмкін, олардың көшеде журнал ұсынып жатқанын көрген шығарсыз немесе есігіңіздің алдында қысқаша әңгімелескен боларсыз. Иеһова куәгерлері сіздің игілігіңізді ойлайды. Олар сізбен дос болғысы келеді. Сондай-ақ өздері жайында және нанымдары мен ұйымдары туралы көбірек мәлімет беруді, өзгелер жайлы және қазіргі дүниеге қатысты ойларын айтып беруді қалайды. Қолыңыздағы кітапша осы мақсатпен шығарылған. Өзгелер сияқты Иеһова куәгерлері де экономикалық, жан және тән науқастары іспетті қиыншылықтарға кездесіп отырады. Олар әулие де, кемелді де емес, сондықтан кейде қателіктер жібереді. Бірақ жасаған қателіктерінен сабақ алып, қажетті өзгерістер жасау үшін Киелі кітапты бар ықыластарымен зерттейді. Олар өздерін Құдайға бағыштап, оның еркін орындауға бел буған, әрі соған сай өмір сүруге тырысады. Барлық істерінде олар Құдай Сөзінің және киелі рухтың басшылығын іздейді.
Куәгерлер үшін нанымдарының адами көзқарастарға немесе діни дәстүрлерге емес, Киелі кітапқа негізделгенінің маңызы зор. Олар рухтың жетелеуімен: “Адамдардың барлығы бірдей өтірікші болса да, Құдай сөзінен таймайды”,— деп жазған елші Пауыл сияқты көзқараста (Римдіктерге 3:4, Қазақ тіліндегі Киелі кітап*). Киелі кітаптағы шындық деп қарастырылатын ілімдерге келгенде, Куәгерлер елші Пауылдың уағызын естігенде, ‘Ізгі хабарды шын көңілмен қабылдап, шындығына көздерін жеткізу үшін күн сайын Киелі жазбаларды зерттеген’ береялықтарға еліктейді (Елшілердің істері 17:11). Иеһова куәгерлері кімнің тарапынан шыққанына қарамастан, барлық діни ілімдердің Жазбаларға сай келетін-келмейтіні осылай тексерілуі қажет деп есептейді. Олар сізді өздерімен әңгімелескенде, солай етуге шақырады.
Бұдан Иеһова куәгерлерінің Киелі кітапты Құдай Сөзі деп қабылдайтындары көрінеді. 66 кітапшадан тұратын осы кітапты олар рухтың жетелеуімен жазылған әрі тарихи тұрғыдан тура деп қарастырады. Оның Жаңа өсиет ретінде белгілі бөлігін Мәсіхшілердің грек жазбалары, ал Көне өсиетті Еврей жазбалары деп атайды, әрі осы екі бөлігіне де сенеді. Олар ондағы бейнелі мағынада жазылғаны анық байқалып тұрғандарынан басқа тармақтарды тура мағынада түсінеді. Сонымен қатар Киелі кітаптағы пайғамбарлықтардың көбісі орындалып қойды, өзгелері орындалып жатыр және болашақта орындалатындары да бар деп біледі. ОЛАРДЫҢ АТАУЫ
|
| Көне еврей тіліндегі Құдай есімі |
Иеһова (немесе қазақ тіліндегі Киелі кітапқа сай және кейбір ғалымдардың айтуынша, Яһуә) деген есім Еврей жазбаларының түпнұсқасында 7 000-ға жуық рет кездеседі. Алайда аудармалардың көбісінде бұл есім “Құдай”, “Тәңір”, “Жаратқан Ие” деген сөздермен ауыстырылған. Әйтсе де қазіргі аудармалардың кейбірінде Иеһова не Яһуә деген есім қолданылып жүр. Сондықтан Мысырдан шығу 3:15-те (сілтемесіне қараңыз) мынадай сөздерді оқуға болады: “Ата-бабаларыңның Құдайы, Ыбырайым, Ысқақ, Жақыптың сиынған Құдайы — Яһуә мені сендерге жіберіп отыр. Мәңгі-бақи Менің атым осылай болмақ”.
| Сот ісімен байланыстырылған есім |
Иеһова куәгерлерінің неге өздерін осылай атайтындарының Жазбаларға негізделген себебін Ишая кітабының 43-тарауынан табуға болады. Ол жерде дүниедегі жағдай сот залындағы іс ретінде суреттеліп, халықтардың құдайларына мынау ұсынылған: өз әділдіктерін дәлелдеу үшін куәгерлерін шақыру, я болмаса Иеһованың куәгерлерін тыңдап, шындықты қабылдау. Сонда Иеһова өз халқын куәгерлерім деп атаған. Олардың Өзін жақыннан танып әрі сеніп, Өзінің кім екенін — бұрын ешқандай құдайдың болмағанын, кейін де болмайтынын, Өзінің Иеһова және Өзінен басқа Құтқарушының жоқ екенін — ұғынып, сол туралы шындықты паш етуге тиіс екендерін айтты (Ишая 43:10, 11).
Исаның туылуынан көп ғасырлар бұрын да Иеһованың жер бетінде куәгерлері болған. Еврейлерге арналған хаттың 11-тарауында осындай адал кісілердің бірқатарының есімдері аталып өтілген. Әрі қарай сол куәгерлердің бізді бұлт секілді қоршап тұрғаны айтылған. Сондықтан біз өзімізге бөгет болатынның барлығынан, әсіресе тез шырмап алатын әрбір күнәдан, арылып, алдымыздағы “жарысты” қажырлылықпен аяқтауға шақырыламыз (Еврейлерге 12:1). Ал Иса Понти Пилаттың алдында тұрғанда: “Шындыққа куәлік ету үшін осы дүниеге келдім”,— деген. Ол “адал да шынайы Куәгер” деп аталады (Жохан 18:37, сілтемені қараңыз; Аян 3:14). Иса өзінің шәкірттеріне былай деген: “Сендер Киелі Рух өздеріңе қонғанда Оның құдіретін қабылдайсыңдар, сөйтіп Иерусалимде, бүкіл Яһудея мен Самария аймақтарында және жердің шетіне дейін Маған куә боласыңдар” (Елшілердің істері 1:8).
Сондықтан бүгінде 236 елде 7 000 000-ға жуық адам Иса Мәсіх билік ететін Иеһованың Патшалығы жөніндегі ізгі хабарды жариялап, орынды түрде, Иеһова куәгері деп аталып жүр.
| 236 елде 7 000 000-ға жуық Куәгер бар | ![]() |
![]()
* Басқаша көрсетілмесе, кітапшадағы Жазба орындары осы аудармадан келтірілген.
2007 жылғы басылым |