Иеһова куәгерлерінің ресми интернет сайты

Мұқаба Beliefs Future Medical Topics Contact Us Publications Languages

Иеһова куәгерлері. Олар кімдер? Олар неге сенеді?

Алдыңғы мақалаКелесі мақала

Олардың қазіргі заман тарихы мен өріс алуы

Бір тілде 6 000 данамен шыққан “Күзет мұнарасының” бүгінде 161 тілде 28 578 000 данасы басылады

ИЕҺОВА КУӘГЕРЛЕРІНІҢ қазіргі заман тарихы жүз жылдан астам уақыт бұрын басталған. 1870-ші жылдардың басында Аллегейниде, АҚШ Пенсильвания штатында, (қазір Питтсбургке кіреді) Киелі кітапты зерттейтін кішігірім топ пайда болды. Оның негізін қалаған Чарлз Тейз Расселл еді. 1879 жылдың шілде айында “Сион күзет мұнарасы және Мәсіх билігінің жаршысы” журналының алғашқы саны жарық көрді. Киелі кітапты зерттейтін сол кішігірім топтан 1880 жылға таман көрші штаттарда көптеген қауымдар пайда болды. 1881 жылы “Сион күзет мұнарасы және трактаттар қоғамы” құрылды да, 1884 жылы заңды тіркеуге алынып, президенті Расселл болды. Кейінірек оның атауы Күзет мұнарасы, Киелі кітап және трактаттар қоғамы болып өзгертілді. Оның мүшелерінің көбісі Киелі кітапқа негізделген әдебиеттер ұсынып, үйме-үй куәлік беретін. 1888 жылы елу адам осы қызметті толық уақытты атқарған, ал қазір олардың орташа саны дүние жүзі бойынша 650 000-ға жуық.

1909 жылға таман бұл іс халықаралық деңгейге жетіп, Қоғамның бас басқармасы Бруклинге (Нью-Йорк) көшті. Ол қазір де сонда орналасқан. Газет беттерінде уағыздар басылатын, ал 1913 жылға таман олар Құрама Штаттар, Канада және Еуропаның 3 000 газетінде төрт тілде басылатын болды. Жүздеген миллион кітап, кітапша мен трактаттар таратылып жатты.

1912 жылы “Жаратылыстың фотодрамасы” фильмін құрастыру жұмысы басталды. Слайдтар мен даусы бар фильмдерден тұратын бұл драмада Жердің жаратылысы мен Мәсіхтің мыңжылдық Патшалығы аралығындағы оқиғалар суреттелді. Оның көрсетілуі 1914 жылдан басталып, көрермендердің саны күніне 35 000-ға жетіп отырды. Фотодрама даусы бар фильмдердің алғашқыларының бірі болған.

1914 ЖЫЛ

Маңызды кезең жақындап келе жатты. 1876 жылы Чарлз Тейз Расселл Бруклинде (Нью-Йорк) шығарылатын “Киелі кітапты зерттеуші” (Bible Examiner) журналының қазан айындағы санының 27-бетінде жарияланған “Құдайға сенбейтін халықтар дәурені. Ол қашан аяқталады?” деген мақаласында халықтар дәуренінің б. з. 1914 жылы аяқталатыны туралы жазды (Лұқа 21:24). 1914 жылы күткен оқиғалардың бәрі орындалмады, бірақ ол халықтар дәуренінің аяқталғанымен ерекшеленді және айрықша мағынасы бар жыл болды. Көп тарихшылар мен шолушылар 1914 жылдың адам тарихындағы маңызды өзгерістер болған жыл екенімен келіседі. Мұны келесі сөздерден көруге болады:

Адамзат тарихындағы маңызды кезең

“Тарихтағы соңғы рет “кәдімгідей өмір сүрген” жыл Бірінші дүниежүзілік соғыс басталғанға дейінгі 1913 жыл болды” (Вашингтон Колумбия облысы, “Таймс-Геральд” 13 наурыз 1949 жыл, редакциялық мақала).

“1914-тен 1989 жыл аралығындағы екі дүниежүзілік және қырғи қабақ соғыс болған 75 жылды тарихшылар өзгеше, өзінше дара дәуір — дүниенің өзара соғысып, соғыстан кейін ес жиып, я болмаса соғысқа дайындалған ерекше кезең — деп қарастырады” (“Нью-Йорк Таймс” 7 мамыр 1995 жыл).

“Бірінші дүниежүзілік соғыс бүкіл жер жүзін тас-талқан етті, бірақ неге олай болғанын біз әлі күнге дейін түсінбейміз. Оған дейін адамзат қой үстінде бозторғай жұмыртқалайтын кезең жақын деп ойлады. Әлем бейбіт өмір кешіп, гүлденіп жатты. Сосын, бәрі де тас-талқан болды. Біз тоқырау кезеңіне тап болдық... Бүкіл тарих бойындағы өлім саны осы ғасырдағыдай болған жоқ” (Уолкер Перси “American Medical News” 21 қараша 1977 жыл).

1914 жылдан кейін 50 жылдан аса уақыттан соң, неміс саясаткері Конрад Аденауэр: “1914 жылдан бері адамдардың өмірінен қауіпсіздік пен тыныштық ғайып болды”,— деп жазды (Кливленд, Огайо штаты “The West Parker” 20 қаңтар 1966 жыл).

Қоғамның алғашқы президенті Ч. Т. Расселл 1916 жылы қайтыс болып, келесі жылы оның орнына Ф. Рутерфорд президент болды. Көп өзгеріс жасалды. “Күзет мұнарасымен” бірге “Алтын ғасыр” деген журнал шығатын болды. (Қазір ол “Ояныңдар!” деп аталады және 81 тілде, 34 267 000 данасы шығады.) Үйден-үйге жүріп, куәлік етуге көбірек көңіл аударыла бастады. Мәсіхшілер әлеміне жатпайтындарын көрсету үшін, 1931 жылы сол мәсіхшілер Ишая 43:10—12-ге негізделіп, Иеһова куәгерлері деген атау алды.

1920 және 1930-шы жылдары радио байланысы кеңінен қолданылды. 1933-ші жылға таман Киелі кітапқа негізделген баяндамалар 403 радиостансадан беріліп отырды. Кейінірек, үйден-үйге куәлік етілгенде, радионың орнына баяндамалар жазылған күйтабақтарды портативті фонографта ойнату тәсілі кеңінен қолданылатын болды. Киелі кітаптағы шындыққа қызығушылық білдіргендердің бәрімен үй жағдайында зерттеу сабағы жүргізіле бастады.

СОТТАРДАҒЫ ЖЕҢІСТЕР

Азаматтық құқықтардың сақталуына зор ықпал ету

1930 және 1940-шы жылдары көп Куәгер осы іске бола қамауға алынып, сөз және баспа бостандығын, сондай-ақ бас қосу және ғибадат ету еркіндігін алу үшін сот істері қозғалды. АҚШ-та бірінші инстанцияның шешіміне жасаған шағымдар бойынша, Куәгерлер Құрама Штаттарының Жоғарғы сотында 43 істі жеңіп шықты. Басқа жерлердегі жоғарғы соттарда да әділ шешімдер шығарылды. Осы жеңістерге қатысты профессор Ч. С. Браден “Олар да сенеді” атты кітабында Куәгерлер туралы былай деген: “Олар өздерінің азаматтық құқықтары үшін күресу арқылы демократияға қатты ықпал етті, өйткені сол үшін шайқаса жүріп, Америкадағы әрбір азшылықтың да осындай құқықтары сақталуына зор үлес қосты”.

АРНАЙЫ ОҚЫТУ БАҒДАРЛАМАЛАРЫ

Ф. Рутерфорд 1942 жылы қайтыс болып, оның орнына Н. Х. Норр президент болды. Ұйымдасқан оқыту бағдарламасы іске қосылды. 1943 жылы Киелі кітаптан арнайы білім беруге арналған Күзет Мұнарасының Ғалақад Киелі кітап мектебі ашылды. Содан бері аталмыш мектептің түлектері дүниенің бұрыш-бұрышында ағарту ісін жүргізуде. Бірде-бір қауым болмаған жерлерде жаңа қауымдар пайда болуда және бүгінде дүниежүзі бойынша жүзден аса филиал бар. Арагідік қауым ақсақалдары, филиалдардағы ерікті қызметшілер және куәлік ісін (ізашар ретінде) толық уақыт атқарып жүргендер үшін ұйымдастырылған арнайы курстар өткізіліп тұрады. Паттерсондағы (Нью-Йорк) оқыту орталығында мамандандырылған оқыту бағдарламасы да болып тұрады.

Н. Норр 1977 жылы дүниеден өтті. Оның өмірден өтпес бұрын ұйымдастыру ісіне қатысты жасаған соңғы өзгерісі Бруклин бас басқармасындағы Басқарушы кеңес мүшелерінің санын көбейту болды. 1976 жылы әкімшілік қажеттіліктерге қатысты жұмыстар бөлісіп атқарылатын болды және ондаған жылдық тәжірибесі бар Басқарушы кеңес мүшелерінен тұратын әртүрлі комитеттер құрылды.

БАСПАХАНАЛАРДЫҢ КЕҢЕЮІ

Иеһова куәгерлерінің қазіргі таңдағы тарихы көңіл толқытатын оқиғаларға толы. 1870 жылы Пенсильванияда құрылған Киелі кітапты зерттеушілердің шағын тобынан 2006 жылға таман дүниежүзі бойынша 100 000-ға жуық қауым пайда болды. Бастапқыда әдебиеттердің бәрі коммерциялық фирмаларда басылды. 1920 жылы олардың кейбірі жалдамалы баспаханаларда басылатын болды. Ал 1927 жылдан бастап әдебиеттердің көбісі Күзет мұнарасы қоғамының Бруклиндегі (Нью-Йорк) сегіз қабатты меншікті баспаханасында басылатын болды. Қазір баспахана кеңейтіліп, оған басқа да ғимараттар мен әкімшілік кешені кіреді. Оған жақын жерде, Бруклинде, баспаханада жұмыс істейтін ерікті қызметшілер тұратын ғимараттар да бар. Оның үстіне, Уолкилл аймағында (Нью-Йорк штаты) ферма және қосымша баспахана орналасқан. Онда “Күзет мұнарасы”, “Ояныңдар!” журналдары басылады және әр жерлерде қызмет етіп жатқан ерікті жұмысшыларға азық-түлік дайындалады. Әрбір қызметшіге ұсақ-түйек қажеттіліктеріне жететін қаражат беріледі.

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КОНГРЕСТЕР

Алғашқы үлкен конгресс 1893 жылы Чикагода (АҚШ, Иллинойс штаты) болды. Оған 360 адам қатысып, 70 адам шомылдыру рәсімінен өтті. Бір ғана елде өткен соңғы үлкен халықаралық конгресс 1958 жылы Нью-Йоркта болды. Ол Янки және сол кездегі Поло Граундс спорт кешендерінде өтті. Қатысушылардың жоғарғы саны 253 922, ал шомылдыру рәсімінен өткендердің саны 7 136 адам болды. Содан бері көп елдерде топтама халықаралық конгрестер өтеді. Жер-жерде өтетін осындай конгерстердің саны дүниежүзі бойынша 1 000-ға жетіп отырады.

 

2007 жылғы басылым

МұқабаБасыАлдыңғы мақалаКелесі мақала