Иеһова куәгерлерінің ресми интернет сайты

Мұқаба Beliefs Future Medical Topics Байланысу Publications Languages

Иеһова куәгерлері. Олар кімдер? Олар неге сенеді?

Алдыңғы мақалаКелесі мақала

Олардың сізге айтқысы келетін хабары

ИСА жер бетінде болғанда, шәкірттері былай деп сұрайды: “Бізге айтыңызшы, бұл қашан болады? Сіздің қайта келуіңіз бен ақыр заманның жақындап қалғанын қандай белгі білдірмек?” Ол ұлт аралық соғыстар, ашаршылық, індеттер, жер сілкіністер болатынын, әділетсіздіктің көбейіп кететінін, жалған діни ұстаздар көпшілікті адастыратынын, жұрт оның шынайы ізбасарларын жек көріп, қудалайтынын және көп адамның әділдікке деген сүйіспеншілігі суып кететінін айтады. Осының бәрінің орындала бастауы Иса Мәсіхтің таққа отырғаны мен Құдай Патшалығының жақындап қалғанына нұсқамақ еді. Бұл нағыз ізгі хабар болмақ еді! Сондықтан Иса келесі сөздерді соңғы күндердің белгісінің бөлігі ретінде қосты: “Құдай Патшалығы туралы осы Ізгі хабар барлық ұлттарға паш етілу үшін күллі әлемге уағыздалатын болады. Содан кейін бұл заманның ақыры келеді” (Матай 24:3—14).

Әрине, дүниеде болып жатқан оқиғаларды жақсы дей алмайсың, бірақ олар жақсы нәрсеге — Иса Мәсіхтің тақта отырғанына — нұсқайды. Жоғарыда айтылған жайттар аты шулы 1914 жылдан бері белең ала бастады. Бұл жылды ерекше еткен мынау болды: Құдайға сенбейтін халықтар дәурені аяқталды және адами биліктің Мәсіх мың жыл патшалық ететін уақытқа ауысатын өтпелі кезең басталды.

Осындай өтпелі кезеңнің болу керек болғанына 109 Забур жырының 1, 2-ші және Аян 12:7—12 тармақтары нұсқайды. Бұл тармақтардан патшалық ететін уақыты келгенше, Иса Мәсіх Құдайдың оң жағында отыру керек болғаны көрінеді. Сосын, көкте болған соғыста жеңілген Шайтан жерге лақтырылып, оның тұрғындарын қасіретке ұшыратуы, ал Мәсіх жауларының арасында билік етуі керек еді. Ал Һар-Магедон шайқасында шарықтау шегіне жететін “ауыр азаптан” кейін Мәсіхтің мыңжылдық бейбіт билігі орнағанда, зұлымдық түп-тамырымен жойыламақ (Матай 24:21, 33, 34; Аян 16:14—16).

“Қиын-қыстау күндер”
БІРАҚ “содан кейін бұл заманның ақыры келеді”

Бірақ қазіргі күндерге қатысты Киелі кітапта былай делінген: “Соңғы дәуірде қиын-қыстау күндер туады: адамдар өзімшіл, ақшақұмар, мақтаншақ, тәкаппар, өсекшіл, ата-аналарына бағынбайтын, алғысты білмейтін, қасиеттіні танымайтын, ешкімді сүймейтін, ымыраға келмейтін, жалақор, ұстамсыз, қатыгез, жақсылықты жек көретін, опасыз сатқын, ақылсыз қызба, кеуде көтерген, Құдайдан гөрі ләззат-ермекті артық көретін болады. Олар сырт көзге Құдайға ұнайтындай болып көрінгенмен, Оның күшінен бас тартады. Мұндай адамдардан аулақ жүр!” (Тімотеге 2-хат 3:1—5)

Кейбіреулер бұрын да осылай болғанын айтып, қарсылық білдіруі мүмкін. Бірақ мұндай жағдай ешқашан осыншама кең етек алмаған. Тарихшылар мен шолушылардың айтуынша, бұрын-соңды дүниедегі ахуал 1914 жылдан бергі жағдайдай болған емес. (“Олардың қазіргі заман тарихы мен өріс алуы” атты тарауды қараңыз.) Адамдар бұрын-соңды осыншалықты қасірет шекпеген. Оның үстіне, Иса айтқан соңғы күндердің белгісінің басқа қырларына қатысты келесі жайтты ескерген жөн: Иса Мәсіхтің таққа отырғаны мен Патшалық туралы хабар тарих бойында мұншалықты кең көлемде жарияланбаған. Иеһова куәгерлері уағыздау ісі үшін бұрын осыншама қудалау көрмеген. Олардың көбісін нацистік концлагерьлерде өлім жазасына кескен. Бүгінде де Иеһова куәгерлерінің ісіне кейбір елдерде тыйым салынса, өзге жерлерде оларды қамауға алады, қинайды, тіпті өлтіреді. Осылайша Иса айтқан белгінің бәрі толық орындалып жатыр.

Аян 11:18-де ‘ұлттар ашу-ызаға кенеліп’, Иеһованың адал Куәгерлеріне қарсы шығатыны, сонда оларға Иеһованың өзі ‘қаһарын шашатыны’ алдын ала айтылған. Сонымен қатар бұл тармақта Құдайдың ‘жерді құртқандардың өздерін құртатыны’ айтылған. Бұрын-соңды жердің тіршілікті қолдау қабілетіне мұншалықты қауіп төнген емес. Алайда бүгінде бәрі де өзгерді! Көп ғалымдар адам жерді ластауын доғармаса, оның тіршілік етуге жарамсыз болатынын айтып ескертуде. Бірақ Иеһова жерді “мекендеу үшін жаратты”, сондықтан жер толықтай бүлінбей тұрғанда, оны ластап жатқандарды құртып жібереді (Ишая 45:18).

ҚҰДАЙ ПАТШАЛЫҒЫНЫҢ ЖЕР БЕТІНЕ ТӨГЕТІН БАТАЛАРЫ

Көкке барамыз деп ойлайтындар үшін адамдар Құдай Патшалығының азаматы ретінде жер бетінде өмір сүреді деген ой оғаш көрінуі мүмкін. Бірақ Киелі кітапта көкке шектеулі адамдардың ғана баратыны, ал жер бетінде мәңгі өмір сүретіндердің санында шек болмайтыны айтылған (Забур 36:11, 29; Аян 7:9; 14:1—5). Патшасы Иса Мәсіх болатын сол Құдай Патшалығының бүкіл жер бетіне билік ететіні Даниял пайғамбардың кітабында көрсетілген.

Ол жерде бұл Патшалық Иеһованың тау іспеттес жоғарғы билігінен бөлінген тас ретінде бейнеленген. Сол тас жердегі күшті халықтарды бейнелейтін мүсінді соғып, тас-талқанын шығарады да, өзі бүкіл жер бетін жауып қалатын алып тауға айналады. Пайғамбарлықта әрі қарай былай делінген: “Сол патшалықтардың кезінде көктегі Құдай өмір-бақи құламайтын патшалық құрады, әрі ол патшалық өзге бір халықтарға берілмейтін болады; ол барлық патшалықтарды қиратып, талқандайды, ал өзі мәңгілік тұрады” (Даниял 2:34, 35, 44).

Нидерланды
Нигерия

Иеһова куәгерлері сізге осы Патшалық туралы және жер тазартылып, гүлденіп, онда адамдар мәңгі өмір сүретіні жайлы Жазбаларға негізделген хабарды жеткізгісі келеді. Бүгінде өмір сүріп жатқан миллиондаған адам және өмірден өткен сан миллиондаған адам жер бетінде мәңгі бақи мекендеуге мүмкіндік алады. Сөйтіп, Иса Мәсіх мың жыл бойы билік еткенде, Иеһованың жерге және алғашқы адам жұбына қатысты о бастағы ниеті жүзеге асады. Жұмақтағы өмір адамды жалықтырмайтын болады. Едем бағында Адам атаға қызықты жұмыс тапсырылған еді. Болашақ жұмақта да тап солай болады: адамдар жерді өңдеп, ондағы жан-жануар мен өсімдіктерді қамқорлайды. Олар ‘жұмыстарының өнімдерін ұзақ уақыт пайдаланады’ (Ишая 65:22; Жаратылыс 2:15).

Иса: “Патшалығың осында орнасын! Сенің еркің көкте орындалғандай, Жер бетінде де орындала берсін!”— деп дұға етуді үйреткен. Құдай осы дұғаға жауап бергенде, жер бетіндегі жағдай қандай болатынын көрсету үшін көп Жазба орнын келтіруге болар еді (Матай 6:10). Алайда олардың біреуін келтіргеннің өзі жеткілікті: “Көктегі тақтан былай деген зор дауысты естідім: — Қараңдар, Құдайдың адамдар арасындағы мекені! Ол солармен бірге тұрып, олар Оның халқы болмақ. Осылай Құдайдың Өзі солармен бірге мекендеп, олардың Құдайы болады! Ол барлық көздің жастарын сүртіп тастап жұбатады. Енді қайтып өлім, жоқтау, зар еңіреу мен ауру болмайды. Себебі бұрынғы әлем құрып, жоқ болды. Сонда тақта Отырған: — Енді бәрін де жаңадан жаратамын,— деді. Ал маған қарап: — Мұны жазып қой, бұл сөздер сенуге тұрарлық шынайы!— деп қосты” (Аян 21:3—5).

 

2007 жылғы басылым

МұқабаБасыАлдыңғы мақалаКелесі мақала