Иеһова куәгерлері. Олар кімдер? Олар неге сенеді? |
Олардың ізгі хабармен бөлісу жолдары
МӘСІХШІЛЕРГЕ барлық ұлттардан шәкірт дайындау бұйырылған, бірақ бұл олар өз діндеріне кіруге өзгелерді мәжбүрлейді дегенді білдірмейді. Иса момындарға ‘ізгі хабар жеткізіп, жаралы жүректерді жұбатып орнықтыруды’, ‘қайғырып жүргендердің бәрін жұбатуды’ тапсырған (Матай 28:19; Ишая 61:1, 2; Лұқа 4:18, 19). Иеһова куәгерлері Киелі кітаптағы ізгі хабарды жариялау арқылы осылай етудің жолдарын іздейді. Олар ежелдегі Езекиел пайғамбар сияқты, ‘жасалып жатқан барлық жексұрындықтарды ойлап қайғырып’ жүрген адамдарды табуға тырысады (Езекиел 9:4, “Таурат”). Олардың мұндай адамдарды үйме-үй жүріп іздейтіні көпшілікке белгілі. Сондықтан олар Исаға еліктеп, ‘қалалар мен ауылдарды аралап, уағыз айтып Құдай Патшалығы туралы Ізгі хабарды жариялайды’. Исаның ертедегі шәкірттері де солай еткен (Лұқа 8:1; 9:1—6; 10:1—9). Бүгінде Иеһова куәгерлері, мүмкіндігінше, жыл сайын әр үйге бірнеше рет соғып, үй иесімен оны қызықтыратын немесе мазалайтын жергілікті не дүниеде болып жатқан тақырыпқа азғана әңгімелесуге тырысады. Киелі кітаптан бір-екі тармақ талқыланып, үй иесі қызығушылық танытса, Куәгер әңгімені әрі қарай жалғастыру үшін қолайлы кезде қайта келетін уақытты белгілейді. Киелі кітап пен оны түсіндіретін әдебиеттер ұсынылады, ал үй иесі қаласа, Киелі кітапты ақысыз зерттеу сабағы да жүргізіледі. Дүние жүзі бойынша жеке адамдармен және отбасыларымен миллиондаған осындай пайдалы зерттеу сабағы жүйелі түрде жүргізілуде. ‘Патшалық туралы ізгі хабарды’ жеткізудің тағы бір жолы — жергілікті Патшалық сарайларда өтетін кездесулер. Куәгерлер кездесулерін апта сайын өткізеді. Олардың бір кездесуінде көпшілікті қызықтыратын тақырыпқа қатысты баяндама айтылады, соңынан “Күзет мұнарасы” журналының көмегімен Киелі кітапқа негізделген белгілі бір тақырып не пайғамбарлық талқыланады. Тағы бір кездесулерінде Куәгерлер ізгі хабарды жақсырақ жеткізуді үйренеді, ал оның екінші жартысында жергілікті аумақта куәлік қалай жүріп жатқаны талқыланады. Сондай-ақ олар Киелі кітапты зерттеу үшін аптасына бір рет шағын топ болып жеке үйлерде жиналады.
Бұл кездесулерге кез келген адам қатыса алады. Ақша жиналмайды. Мұндай кездесулер барлығы үшін пайдалы. Киелі кітапта былай делінген: “Өзара сүйіспеншілік көрсетіп, игілік істеуге қозғау салудың қамын ойлайық. Кейбіреулер сенушілердің жиналыстарына бармай қалуды дағдыға айналдырып алған сияқты. Ал біздер солай істемей, бір-бірімізді одан бетер жігерлендірейік. Иеміздің қайтып келетін күнінің таяп қалғанын білесіңдер ғой”. Жеке зерттеп, іздену — қажет нәрсе, бірақ кездесулер адамға дем береді. Киелі кітапта: “Темір темірді қайрайды, адам адамды қайрайды”,— делінген (Еврейлерге 10:24, 25; Нақыл сөздер 27:17). Сондай-ақ Куәгерлер жүрген жерлерінің бәрінде ізгі хабарды айтуға тырысады. Мысалы, олар көршілеріне немесе көлікте яки ұшақта қасында отырған адамға бір-екі ауыз сөз айтуы, я болмаса достарымен не туыстарымен ұзақ әңгімелесуі яки үзіліс кезінде әріптестерімен ой бөлісуі мүмкін. Жерде болғанда Иса да көп жағдайда осылай — жағажайда, тау етегінде, біреудің үйінде түстенгенде, тойға барғанда немесе Ғалилея көлінде қайықпен жол жүргенде — куәлік еткен. Ол мәжілісханаларда және Иерусалимдегі ғибадатханада тәлім беретін. Иса Құдай Патшалығы туралы айтудың мүмкіндігін қалт жібермейтін. Иеһова куәгерлері осы жағынан да Исаға еліктеуге тырысады (Петірдің 1-хаты 2:21). ӨМІР САЛТЫМЕН КУӘЛІК ЕТУ
|
![]() |
| Куәгерлер отбасында, өзгелермен қатынасқанда өздері үйретіп жүрген нәрселерді ұстануға тырысады |
Адам өзі үйретіп жүргендерін өмірінде қолданбаса, ізгі хабарды жеткізудің аталмыш жолдарының еш мәні болмас еді. Бірдеңе айтып, басқа нәрсе істеу екіжүзділік болар еді. Ал діни екіжүзділік миллиондаған адамды Жазбаларға деген сенімнен айыруда. Құдайдан келген Жазбалар орынсыз датталуда. Дін мұғалімдері мен парызшылдарда Еврей жазбалары болған, бірақ Иса оларды екіжүзділер деп атаған. Ол олардың Мұса заңын оқитынын айтқан, сосын, шәкірттеріне былай деген: “Олардың айтқандарын түгелдей орындаңдар, бірақ істегендеріндей істемеңдер! Себебі сол айтқандарын олардың өздері іс жүзінде орындамайды” (Матай 23:3). Мәсіхшілер ұзын сонар уағыз айта бергеннен гөрі, өмір салтының үлгілі болғаны әлдеқайда әсерлі екенін біледі. Осы принцип күйеулері сенуші емес әйелдерге айтылған келесі сөздерден көрінеді: ‘[Күйеулеріңді] айтқан сөздеріңмен емес, игілікті мінез-құлықтарыңмен Мәсіхтің иелігіне айналдырыңдар. Олар таза да ізетті мінез-құлықтарыңды көргенде ғана осылай болмақ’ (Петірдің 1-хаты 3:1, 2).
Сондықтан Иеһова куәгерлері өзгелерге ізгі хабарды осындай жолмен де, яғни жақсы жүріс-тұрыстарымен де, жеткізуге тырысады. Олар ‘барлық істе басқалар өздеріне қалай істесін десе, оларға солай істейді’ (Матай 7:12). Куәгерлер тек бауырластарына ғана емес, барлық адамдарға — достарына, көршілеріне не туыстарына — солай етуге тырысады. Кемелсіз болғандықтан бұлай ету әрқашан қолдарынан келмейтін де шығар. Бірақ олар барлық адамдарға жақсылық істегілері келеді, әрі мұны тек уағыз айту арқылы ғана емес, қолдарынан келсе, өзгелерге көмектесу арқылы да істейді (Жақып 2:14—17).
2007 жылғы басылым |